RU

Жамбыл облысындағы жарылыс: Зардап шеккендер саны 60-қа жетті

Фото
Видеодан кадр: Әлеуметтік желіден алынды

Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасында болған жарылыстан зардап шеккендер саны 60-қа жетті. Олардың 11-і әскери қызметкер. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, Тараз қаласының №1 қалалық ауруханасына түрлі жарақатпен 60 адам түскен, оның 11-і әскери қызметкер (олардың жеке деректері нақтылануда). Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Аталмыш бөлім Тараз қаласынан шамамен 18 шақырым қашықтықта орналасқан.

Өрт салдарынан белгісіз заттар жарылған.

Қоймадан шыққан өртке байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Одан бөлек, Жамбыл облысының әкімдігі оқиға болған жерге жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатқанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929116-zambyl-oblysyndagy-zarylys-zardap-sekkender-sany-60-qa-zetti/