RU

Жамбыл облысындағы жарылыс: Зардап шеккен алты адамның жағдайы ауыр

аурухана төсегі
Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбыл облысының әкімдігі Instagram парақшасында әскери қоймадағы жарылыстан зардап шекккендер туралы ресми ақпаратты жария етті. Ведомствоның мәліметінше, 6 адамның жағдайы ауыр.

Өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері тұрғындарға барынша көмек көрсетуде.

Аталмыш мәселеге байланысты қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар 109 телефон нөмірі мен 8-778- 810-91-09 Whatsapp желісіне хабарласа алады.

Сонымен қатар, 8(7262) 51-41-67, 8(7262) 51-37-75 телефон нөмірлері арқылы қауырт желіге хабарласуға болады.

Оқиға орнынан эвакуацияланған тұрғындар үшін Тараздан 400-ден астам төсек-орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған.

"Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 3 медициналық авиациялық бригада тартылған. Оның ішінде 1 бригада Тараз қаласындағы N5 мектепте кезекшілік етеді, Тараз политехникалық колледжінде 1 бригада, онда Байзақ ауданы, Базарбай ауылынан бұған дейін 226 адам эвакуацияланған болатын", - дейді ведомство.

27-тамыздағы жағдай бойынша эвакуация орталықтарында жалпы 171 адам қалып отыр, оларға қажетті жағдай жасалып, таңғы ас берілген.

Сонымен бірге, төтенше жағдайдан зардап шеккен 28 адам ауруханада ем қабылдауда, оның ішінде 6 адам ауыр халде жатыр.

Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік 109 қызметіне барлығы 473 өтініш келіп түскен. Көбінесе, азаматтар тұрғындарды эвакуациялау туралы ақпаратты сұраған.

Одан бөлек, әкімдік тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Әскери бөлімде жалпы саны оннан астам жарылыс болғаны анықталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әскери бөлімдегі жарылыстан 88 адам зардап шеккенін айтты.

Жарақат алғандарға Тараз қалалық ауруханасы мен Байзақ ауданының орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ал қорғаныс министрі онлайн-брифинг кезінде жарылыстан төрт адам қаза тауып, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Апаттан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің сөзінше, ол бұл шешімді жарылыс туралы хабарлама алған сәтте қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929163-zambyl-oblysyndagy-zarylystan-zardap-sekken-alty-adamnyn-zagdaiy-auyr/