RU

Қорғаныс министрлігі: Қасақана өрт қою нұсқасы да қарастырылып жатыр

Кадр
Видеодан кадр: Әлеуметтік желіден алынды

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасынан шыққан өрт қасақана қойылған болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармайды. Бұл туралы ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев онлайн-брифинг кезінде айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қорғаныс министрінің сөзінше, әзірге қасақана өрт қою нұсқасы да қарастырылуда. Қазіргі уақытта төтенше жағдайға қатысты барлық нұсқа қаралып жатыр.

"Болған оқиғаның мән-жайын құрылған жедел-тергеу тобы анықтайды. Біз алдын ала болжам бойынша әртүрлі себептер болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бұл қауіпсіздік талаптарын сақтамау, өздігінен тұтану немесе химиялық реакция болуы мүмкін. Сондай-ақ, қасақана өрт қою немесе диверсия нұсқасы болуы да ықтимал", - деді Нұрлан Ермекбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Одан бөлек, Жамбыл облысының әкімдігі оқиға болған жерге жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатқанын мәлімдеген еді.

Жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапқаны белгілі болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929174-qorganys-ministrligi-qasaqana-ort-qoyu-nusqasy-da-qarastyrylyp-zatyr/