RU

Жаңа қаулы: Алматыны қоспағанда барлық өзге өңірлерде шектеу шаралары жеңілдетілді

індет
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов 26 тамыз күні жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын барлық бизнес объектілеріне демалыс күндері белгілі бір уақыт аралығында жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда Алматы қаласының тұрғындары үшін шектеу шаралары жеңілдетілмеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Құжат бойынша Алматы қаласын қоспағанда, 28 тамыздан бастап:

  • демалыс күндері – Ashyq жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмысына – сағат 00.00-ге дейін, қызметкерлері мен келушілерде "жасыл" мәртебесі бар Ashyq көшбасшыларының жұмысына – сағат 02.00-ге дейін;
  • сенбі күндері – қоғамдық көліктің жұмысына рұқсат берілді.

"Алматы қаласын қоспағанда, 30 тамыздан бастап Ashyq жобасына қатысатын барлық бизнес объектілері үшін жұмыс уақытын жұмыс күндері сағат 22.00-ден 00.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары үшін сағат 00.00-ден 02.00-ге дейін ұзартсын", - делінген қаулы мәтінінде.

Тиісті құжатта Алматы қаласында да шектеу шараларын жеңілдету үшін эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы керектігі айтылған.

"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда карантиндік шараларды жеңілдетуді енгізу тиісінше ағымдағы жылғы 4 және 6 қыркүйектен басталсын", - делінген құжатта.

Айта кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте 6452 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың дені Алматы қаласынан.

Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 767 701-ге жетіп отыр. Сонымен қатар, өткен тәулікте 8285 адам дерттен жазылып шыққан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы сөз қозғап, алматылықтарға үндеу жолдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929205-zana-qauly-almatyny-qospaganda-barlyq-ozge-onirlerde-sekteu-saralary-zenildetildi/