RU

Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккендер арасында балалар бар ма: БҒМ жауабы

Кадр
Видеодан кадр: Әлеуметтік желіден алынды

Білім және ғылым министрлігі ресми сайтында Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккендердің арасында балалардың бар-жоқтығына қатысты ақпаратты ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Жамбыл облысында зардап шеккендердің арасында балалар жоқ.

Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жақын маңдағы елдімекендерден Тараз қаласына, сондай-ақ Байзақ ауданының Сарыкемер және Кеңес ауылдарына 83 баланы эвакуациялады.

"Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша түнде оқиға орнына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Н. Иманғалиев барды.  Сондай-ақ, оқиға орнында білім және ғылым министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментінің өкілдері де жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.

Министрлік эвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалғанын, оларды ыстық тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткенін жеткізді.

Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін ведомство ата-аналарға балаларын "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды.

"Орталықта барлық жағдай жасалған. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды орын алған төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылған", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929224-zambyl-oblysyndagy-zarylystan-zardap-sekkender-arasynda-balalar-bar-ma-bgm-zauaby/