RU

"Тұрғын үйлер өртенген жоқ": Сапарбаев Жамбыл облысындағы өрттің салдары жайлы айтты

Жарылыс
Кадр: Mash

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс болып, өрт шыққан оқ-дәрі қоймасына жақын елдімекендерде тұрғын үйлер өртенбегенін, кейбір құрылыс нысанының шатыры, терезелері мен есіктері зардап шеккенін мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңір басшысы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты. Ал төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде қайтыс болған әскери қызметкерлердің жанұясына мемлекеттік көмек пен демеушілер тарапынан қолдау ұсынылады.

"Зардап шеккендерге қатысты айтсақ, егер мүгедектік немесе басқа жағдай болса, еліміздің заңына сәйкес жергілікті орган тарапынан қолдау көрсетіледі. Ал тұрғын үйлерді қалыпқа келтіру мен көмекке келсек, бүгін біз жұмысшылармен бірге үш елдімекенді аралап шықтық. Онда өртенген тұрғын үйлер мен нысандар жоқ.

Шатыр, терезе, есік, әйнектер зардап шеккен. Арнайы комиссия құрдық, олар әр үй мен елдімекенді зерттеп жатыр. Содан кейін біз қанша шатыр, қанша әйнекке залал келгенін айтамыз, заң аясында оларды қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз",- деді Сапарбаев.

Облыс әкімі зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайтынына баса назар аударды.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Қорғаныс министрі онлайн-брифинг кезінде жарылыстан төрт адам қаза тауып, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады.

Апаттан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің сөзінше, ол бұл шешімді жарылыс туралы хабарлама алған сәтте қабылдаған.

Көп ұзамай із-түзсіз кеткен өрт сөндіру командасының бастығы қаза тапқаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929226-turgyn-uiler-ortengen-zoq-saparbaev-zambyl-oblysyndagy-orttin-saldary-zaily-aitty/