RU

Тоқаев Жамбылдағы жарылыс салдарын жоюға қатысқан мамандарға алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жарылыстың салдарын жоюға атсалысқан құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтты. Президент бүгін төтенше жағдайға байланысты шұғыл жиналыс өткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек" , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент орталық және жергілікті органдардың жұмысын дұрыс үйлестіру керек екенін айтты. Қажетсіз кедергілерді жойып, уақыт ұттырмай жедел қимылауды, ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару шараларын қолға алуды тапсырды.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Апаттан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің сөзінше, ол бұл шешімді жарылыс туралы хабарлама алған сәтте қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929274-toqaev-zambyldagy-zarylys-saldaryn-zoyuga-qatysqan-mamandarga-algys-aitty/