RU

Президент: Қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелер бар

тоқаев жаңа сурет
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға байланысты өткізген шұғыл жиында маңызды мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Президент Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауды тапсырды.

"Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған премьер-министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.  

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929294-prezident-qaru-zaraq-qoimalarynda-ali-de-sesilmegen-tuiindi-maseleler-bar/