Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан қаласының полиция басқармасын басқарып келе жатқан Бауыржан Селтанов туралы не білеміз

Опубликовано:

Бауыржан Селтанов
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Ата Заңымыздың құрылғанына биыл 26 жыл болса, Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аталып отыр. Қос мереке өзіндік қасиеттілігімен қазақ халқы үшін аса құнды. Ендеше осынау мерейлі мереке қарсаңында полиция қызметінде ерен еңбек етіп, ішкі істер саласына қабылданған және бүгінгі күнге дейін осы саланың қазанында қайнап, қылмыстың азаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан басшылардың бірі – Бауыржан Сапарұлы Селтанов жайлы сөз етпекпіз.

Киелі Түркістан қаласының полиция басқармасын талай білікті де білімді, өз дәуірінің майталман мамандары басқарып, қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Бауыржан Селтанов сол басшылардың ізін жалғастырып келе жатқан аға буын өкілі. Бүгінде ол 39 жылдық тарихы бар полиция басқармасын басқаруда.

Полиция полковнигі Бауыржан Селтанов коронавирус атты тәжтәжал әлемді жайлап, қасиетті өңірге ауыз салған сын кезеңде ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаевтың келісімімен қызметке тағайындалып, өңірдің қылмыстық ахуалын тұрақтатқан полицей.

Мәселен 2021 жылдың 7 айында жергілікті полиция қызметінің күнделікті жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде көпшілік орында жасалған қылмыстар 174-тен 161-ге, оның ішінде көшелерде жасалғандары 91-ден 72-ге немесе -20,9 пайызға, жасөспірімдер және олардың қатысуымен орын алған қылмыстар 13-тен 6-ға немесе -53,8 пайызға төмендеген. Одан бөлек қаланың қауіпсіз болуы мақсатында екі ауысымда полицейлер күндіз-түні рейд ұйымдастырады. Іс-шаралар жүргізеді. Жолдар мен көпқабатты үйлердің арасын патрульдейді. Жалпы тізбектей берсек тиянақты тәртіп сақшысы тірлікке кіріскелі бері киелі өңірдегі жағдай едәуір жақсы. Осы жолдан таймайтын болса, облыс орталығын күн санап үлкен жетістіктерге жетеді деп болжауға болады.

- Сонау Кеңес Үкіметі кезінен бері халыққа қызмет етіп келе жатқан полиция басқармасында қызмет ету мен үшін мәртебе. Бұл полиция басқармасы 1982 жылы ОҚО Түркістан қалалық басқармасы болып құрылып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау барысында үзіліссіз жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Түркістан облыс орталығы болғандықтан, Түркістан қалалық полиция басқармасы деп аталды. Міне осы сәттен бастап облыс орталығының сақшыларына халықтың сенімі артылды. Сондықтан туристер көптеп келетін аумақта, келушілер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Мен басқарма басшылығының тізгінін қолыма алған кез індеттің дендеуімен қатар келді. Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қатаң карантин талаптарын сақтау міндеттелді. Сол кезде, құқық бұзушылықтың ішінде қоғамдық орындарда індеттің алдын алуға байланысты талаптардың сақталуына тұрғындар тарапынан немқұрайлық танытатын жайттар жиі орын алды. Кейбір азаматтар індет жайлы жалған қауесеттер таратты. Бірақ барлық жағдайда да біз жеке құрамды жұдырықтай жұмылдырып, мәселені мезгілінде шешіп отырдық деп айта аламын, - дейді полиция полковнигі Б.Селтанов.

Бауыржан Селтановты текті отбасынан шыққан, балалық шағында ат-анасының тәлім-тәрбиесімен бой түзеп өскен, ұлағатты ұл десек қателеспейміз. Ол 1976 жылдың 10 желтоқсанында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1982 жылы Сарыағаш ауданында орналасқан М.Калинин атындағы орта мектепке қабылданып, ойдағыдай бітіріп шықты. Ал аталған білім ордасын тәмамдаған соң, жас түлек еліне адал қызмет етуді мақсат санап, құқық қорғау қызметіне қарай қадам басты. Яғни жоғары оқу орнын тәмамдап, заңгерлікті меңгеріп шықты. Осылайша 1997 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ішкі істер органдарының қатарында қызмет етіп келеді.

Өзіндік тәжірибесі толысқан полиция полковнигі Бауыржан Сапарұлының алдағы уақыттарда да тарихи өңірдегі атқарар ауқымды істеріне сәттілік тілейміз. Және айтарымыз Сіз секілді қашанда сабырлы да сауатты, білімді де білікті басшылар қатары азаймасын. Еліңіз үшін жасаған еңбегіңіз әрдайым ел алдында елене берсін!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929296-turkistan-qalasynyn-policiya-basqarmasyn-basqaryp-kele-zatqan-bauyrzan-seltanov-turaly-ne-bilemiz/

pixel