RU

Жамбыл облысындағы өртті сөндіру кезінде қаза болған Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді

Айманов
Кадр: "Хабар 24"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы қаулыға қол қойды деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

"Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын (марқұм)", - делінген қаулыда.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Оған қоса Қорғаныс министрлігі де төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері мен суреттерінің тізімін шығарды.

Бүгін, 29 тамызда таңғы сағат 10:00-де еліміздің барлық мешітінде Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқандардың рухына бағышталып Құран хатым оқылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929414-zambyl-oblysyndagy-ortti-sondiru-kezinde-qaza-bolgan-aimanovqa-xalyq-qaharmany-atagy-berildi/