RU

Тоқаев Жамбыл облысында қаза тапқан әскерилер мен құтқарушыларды марапаттады

Жарылыс
Кадр: Instagram / taraz_v_obektive

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды. Мемлекет басшысының қаулысы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

"Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы" қаулысына сәйкес, әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін:

І дәрежелі «Айбын» орденімен

  • Қапезов Арман Қуанышұлы (марқұм) – Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры
  • Микропуло Александр Николаевич (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары);

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

  • Дәлібаев Оразбек Дайраұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі ведомстволық күзет командасының атқышы
  • Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (өрт сөндірушісі)
  • Мешінбай Марат Сайлауұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (механик-жүргізушісі)
  • Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының бөлімше бастығы (команда бастығы)
  • Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы
  • Темірболатов Арнұр Серікұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы
  • Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы наградталды.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Бүгін, 29 тамызда таңғы сағат 10:00-де еліміздің барлық мешітінде Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқандардың рухына бағышталып Құран хатым оқылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929417-zambyl-oblysyndagy-tz-toqaev-qaza-tapqan-askeri-qyzmetsiler-men-qutqarusylardy-marapattady/