RU

Жамбылдағы ТЖ: Қаза тапқан әскерилердің отбасына қандай көмек көрсетіледі

Жарылыс орны
Жарылыс орнындағы іздеу жұмыстары. Фото: Facebook / modgovkz

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы мекеме Facebook-тегі ресми парақшасында жария етті.

Бас штаб бастығының орынбасары - тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Бурамбаевтың айтуынша, заң бойынша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жерлеу мен біржолғы төлем шығындары бес жылға ақшалай үлес (жалақы) мөлшерінде төленеді.

"Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне де, медициналық мекемелердегі әскери қызметшілерге де әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсету бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Отбасылармен жұмыс қызметі олардың балаларын мектепке дайындау жұмыстарын жүргізуде", - деді Бурамбаев.

Сонымен қатар, ол әскери қызметшілер мен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің отбасыларына ерікті қаржылай көмек көрсету қорын құрғанын хабарлады. Айтуынша, Қарулы күштер зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету үшін бір күндік ақшалай үлесті (жалақыны) қорға аударуға шешім қабылдаған.

"Балаларға қамқорлық жасау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, Қарулы күштердің жұмыскерлер кәсіподағы Қарулы күштердің қайтыс болған қызметкері У.Д. Далибаевтың отбасына қаржылай көмек көрсетті", - дейді генерал-майор брифинг барысында.

Ол, сондай-ақ, қайтыс болғандар мен жараланғандардың отбасыларына тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өтемақы төленетінін атап өтті. Төлем мөлшері әр отбасы мүшелерінің санына байланысты жеке анықталады.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Сол арада Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы оқиға эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін екенін ескертті.

Соңғы мәліметтер бойынша жарылыс кезінде қаза тапқандар саны он бес адамға жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929547-zambyl-oblysynda-qaza-tapqan-askeri-qyzmetsilerdin-otbasylaryna-qandai-komek-korsetiledi/