RU

Жамбыл облысындағы ТЖ: Ішкі істер министрлігі тергеу барысы туралы айтты

Жарылыс орны
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі ведомствоның онлайн-брифингінде Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыс туралы тың мәлімет жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, Жамбыл облысында болған әскери бөлім аумағындағы жарылыстар фактісі бойынша толық және объективті тексеру мақсатында ішкі істер министрлігі орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылған.

Тергеу қылмыстық кодекстің 462-бабының 3-бөлігі (Екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша жүргізілмек.

"Шұғыл тергеу іс-шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ залалды анықтау үшін бүлінген объектілерді тексеру жүргізіледі. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды., - деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.

Оқиға орнында саперлер бригадасы, қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтарды тарта отырып, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылған.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

30 тамыз күні Жамбыл облысында болған жойқын жарылыстан кейін хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрі, Қорғаныс министрі және Бердібек Сапарбаев қатысқаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929635-zambyl-oblysyndagy-tz-iski-ister-ministrligi-tergeu-barysy-turaly-aitty/