RU

Аю мен борсықтың майы коронавирустан сақтайтыны рас па

Аю
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлттық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Ләззат Ералиева ОКҚ өткен онлайн-брифингте коронавирустан қорғануға аюдың майы әсер ете ме деген сауалға жауап берді деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Халықтық медицинада аюдың, борсықтың майы қолданылып жататыны белгілі. Алайда оның ешқандай ғылыми дәлелі жоқ. Мұндай майларды ішу арқылы жазылып кететіні жөнінде нақты дәлел жоқ. Сол себепті аюдың, борсықтың майын пайдалану коронавирусты емдейді деуге болмайды", - дейді Ләззат Ералиева.

Сонымен бірге, Ералиева туберкулезге қарсы диспансерлердегі ахуалға да тоқталған. 

"Туберкулезге қарсы диспансерлерде коронавирус инфекциясына байланысты жасалатын профилактика өзге де медициналық мекемелерде жүргізілетін профилактика сияқты. Туберкулезбен ауыратын науқастар арасында коронавирус жұқтырғандар байқалмайды", - дейді ол. 

Осы ретте дәрігер санитарлық гигиенаны сақтау, қолды жиі жуу, бөлмені желдету, таза ауада серуендеу және қоғамдық орындарда маска тағуды ұмытпаған жөн екенін тағы бір еске салды.

Еске сала кетсек, өткен тәулікте елімізде 4322 адамнан коронавирус инфекцясы анықталған болатын. Ауру жұқтырғандардың басым көшілігі Алматы қаласында тіркелген.

Осылайша, ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 789 471 адамға жеткен.

Сонымен бірге, 29 тамызда 104 науқас коронавирус пен COVID-19 белгілері бар пневмониядан көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929696-ayu-men-borsyqtyn-maiy-koronavirustan-saqtaityny-ras-pa/