Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маусымдық аллергия 1-2 жасар балаларда да кездесуде": Аллерголог дерттің неге өршіп тұрғанын түсіндірді

Опубликовано:

аллергия
Көрнекі фото: pixabay.com

Маусымдық аллергия - қазір екінің бірі шағымданып жүрген дерт. Соңғы екі жылда мұрын бітелу, көздің қышуы, құрғақ жөтел, демнің жетіспеуі сияқты ауру белгілері үлкендермен қатар бір-екі жасар балаларды да мазалайтын болған. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген алматылық аллерголог маусымдық аллергияның кең таралуының басты себептері мен одан құтылудың жолдарын атады.

Аллерголог Айгерім Қасымова бұл саладағы бірнеше жылғы тәжірибесіне сүйене отырып, өзінің байқағанымен бөлісті.

"Біріншіден, аллергияның тұқым қуалайтынын айта кеткен жөн. Анасынан, әкесінен балаға берілу мүмкіндігі жоғары. Екіншіден, қазір халық негізінен үлкен қалаларда топтасып өмір сүріп жатыр. Қалада ауаның сапасы жақсы емес. Көліктерден шығатын зиянды газдар, ауада шаң-тозаңның көп шоғырлануының әсері көп. Экологияның әсері бар. Оны Алматы қаласынан байқауға болады. Қалада аллергияға шалдыққан тұрғындар саны өсіп келеді.

Үшіншіден, қазір адамдар тұрмыста химиялық жуғыш заттармен көп жұмыс істейді. Антисептиктер қолданып жүрміз. Сондықтан аллергия өрши бастады деп айтуға болады. Сондай-ақ, қазір біз дәріні көп ішеміз. Сол үшін де болуы мүмкін. Ең маңызды себептері осы", - дейді маман.

Аллерголог Алматыда биыл маусымдық аллергияға шалдыққан науқастардың басты шағымы көз қышуы екенін алға тартады. Соңғы уақытта қалада маусымдық аллергия тіпті балалардың да мазасын ала бастаған.

"Маусымдық аллергия балаларды да айналып өтпеді, соңғы жылдары дертке шалдыққан бүлдіршіндер саны өсіп кетті. Екі-үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, соңғы уақытта 1-2 жастағы балалар да маусымдық аллергиямен ауыратынын байқап отырмыз. Оларда да үлкен адамдардағыдай ауру белгілері бар, бірақ көбінесе олардың көзі ісіп кетеді. Өйткені балалар көзін жиі қасиды", - дейді дәрігер.

Айгерім Қасымова "аллергияның емі жоқ" деген пікірге қатысты да өз ойын айтты.

"Оның емі бар, ең маңызды ем қыста басталады. Ол "иммунотерапия" деп аталады. Біз бірінші сынама жасаймыз. Дәл қай шөптерге аллергия бар екенін анықтаймыз. Аллерген белгілі болған соң, сол шөптермен емдейміз. Кішкентай дозадан бастап жоғары дозаға көшеміз. Осындай ем 3-5 жыл жалғасады. Тек қыс мезігілінде емделу қажет. Ал оның нәтижесі 90-80 пайыз болады. Тіпті бірінші, екінші жылда әсері біліне бастайды", - дейді аллерголог.

Аллергияға шалдыққан науқастар арасында маусымдық аллергияны басқа климаттық аймаққа көшу арқылы жеңуге болады деген пікір бар. Дәрігер бұл жөнінде де өз білімімен бөлісуді жөн көрді.

"Маусымдық аллергия кезінде басқа жерге, басқа мемлекетке кетсе өршуі азаяды. Бірақ ол науқастың қай жерге барғанына да байланысты. Егер сіз көшкен жерде тағы сондай шөптер өсетін болса, сізде бәрібір осы аллергия пайда болады. Сондықтан климат жағдайы сіздің тұрып жатқан аймақтан ерекшеленетін басқа елдімекенді таңдаған жөн", - дейді Айгерім Қасымова.

Дәрігердің маусымдық аллергияны үйінде емдеуге көшкен адамдарға айтары бар.

"Қазір аллергиямен алысып жүрген жандар оның белгілерін жеңілдететін "Дипроспан" препаратын салғызуды жиі айтады. Дипроспанның ағзаға жағымсыз әсері өте көп. Сол үшін оны дәрігердің тағайындауынсыз қолдануға болмайды. Дипроспаннан бірінші жылы аллергия қайтады, келесі жылы оның дозасын көбейту керек болады. Ол адам ағзасын осы препаратқа тәуелді етіп қояды, сөйтіп басқа емнің бойына сіңуіне кедергі болады", - дейді Айгерім Қасымова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929745-mausymdyq-allergiya-1-2-zasar-balalarda-da-kezdesude-allergolog-derttin-ne-usin-orsip-turganyn-tusindirdi/

pixel