RU

"Тағы алты ай сұрап жатыр": Арыстағы жарылыстан кейін үйі әлі жөнделмеген тұрғын жанайқайын айтты

зақым келген үй11
Арыстағы жарылыстан кейін зақым келген Сейілхан Шонжановтың үйі. Видеодан кадр: Астана арнасы

Арыстағы жаралыс кезінде үйіне зақым келген тұрғындардың бірі жанайқайын жеткізді. Айтуынша, арада екі жылдан аса уақыт өтсе де, оның үйі қалпына келтірілмеген деп хабарлайды Астана арнасы.

Арыстағы жойқын жарылыстан кейін үйі тұруға жарамсыз күйге түскен тұрғынның есімі-Сейілхан Шонжанов.

2019 жылы болған жаралыстан оның үйінің қабырғасы жарылып, дуалы қираған. Апаттан кейін құрылған мемлекеттік комиссия үйді тұруға жарамсыз деп таныпты.

Үй иесінің сөзінше, содан бері ешқандай да құрылыс жүргізілмеген. Ал, өзі отбасымен сол уақыттан бері пәтер жағалап жүр. Төзім таусылған ол, қазір жауапкершіліктен жалтарған мекемемен соттасып жатыр екен.

"Соттан жеңіп шықтым, апелляциядан да жеңіп шықтым. Енді бұлар созып жатыр. Ешқандай құжат істелмеген, тағы алты ай сұрап жатыр. Келіп оценка жасамайсыңдар ма десек, "коронавирус дейді", - деді Арыс қаласының тұрғыны Сейілхан Шонжанов.

Арыстықтардың дерегінше, 100-ге таяу үй жарылыстан кейінгі қалпында тұр. Теларнаның хабарлауынша, қалалық құрылыс бөлімі болса, бұндай жөндеу көрмеген үйлердің санын білмейтін болып шыққан.

"Кейбір үйлердің мәселесін шешу мақсатында 17 секторға жауапты болып бекітілген облыстарға әкімдіктің атынан хаттар жолданды", - дейді Арыс қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Темірхан Сатыбалды.

Материал авторы: А. Данияр

Еске сала кетейік, 2019 жылы маусымның 24-і күні Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, салдарынан салдарынан үш адам қаза тапты. Олар Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929749-tagy-alty-ai-surap-zatyr-arystagy-zarylystan-keiin-uii-ali-zondelmegen-turgyn-zanaiqaiyn-aitty/