Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі блогердің оқырмандары жарылыс болған ауылдағы әр отбасыға 200 мың теңгеден үлестірген

Опубликовано:

Жамбыл
Фото: Мөлдір Анарбаеваның жеке мұрағатынан

Тараздық блогер оқырмандарының көмегімен бір күннің ішінде 6 миллионға жуық ақша жинап, жарылыстан жапа шеккен ауылға қаржылай көмек ұсынды. Instagram-да әдемі әзілдерімен танымал Мөлдір Анарбаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында апат эпицентріне жақын ауылдың жайын сипаттап берді. 19 шаңыраққа 200 мың теңгеден үлестірген блогер осы орайда өз оқырмандарына алғысын жаудырды.

Мөлдір Анарбаева жарылыс болған Байзақ ауданына өзі ат басын тіреп, қайырымды оқырмандарынан жинаған 6 миллион теңгеге жете жығылған аманатты табыстағанын жеткізді. Әлеуметтік желіде белсенді блогер жарылыстан қайғы жұтқан қара халықты көре тұра, тыныш отыра алмағанын алға тартады.

"Жарылыс болған Қайнар ауылына бардық. Үйлердің бәрі дерлік бүлінген. Халыққа уақытша шатыр тігіліп беріліпті. Бірі соны паналаса, енді біреулер басқа жаққа кеткен. Көбісі ауылында жүр. Өйткені күз келіп қалды. қысқа қамдану керек, дайындалу керек. Тұрғындар жан-жақтарын қоқыстан тазалап жатыр. Ауыл қорқынышты жағдайда тұр", - дейді блогер.

Мөлдір Анарбаева Қайнарда небәрі 19-ақ үй тұрғанын атап өтті. Ол оқыс оқиға болған ауылға үкіметтің көмегі жылдам жетеді деп ойлағанын жасырмады.

"Негізі маған көмектесейік деп жазғандар көп болды. Қайнар ауылында айналдырған 19-ақ үй бар екен. О баста мен үкімет өзі жағдайды реттеп алатын шығар, аса көмекке мұқтаж емес шығар деп ойладым. Бірақ сол ауылдан көмек сұрап шыққандар болды. "Неге тыныш жатырсыңдар? Осы өңірдің белсендісі емессіңдер ме? - дегеннен кейін адамның намысы келеді екен. Қолдан келгенше көмектесейік, бар екенімізді білдірейік деп желіге жазба жарияладым. Артынша халық өзі көтеріліп, 100 теңге, 1000 теңгеден-ақ жиналған ақшаның басы 6 миллионға жетіп жығылды. Содан соң комиссия құрдық. Қасыма мықты кәсіпкер қыздарды алып, жиналған қаражатты ортаға салып, есептедік. Ауылда 37 оқушы бала бар екен, олардың әрқайсысына 50 мың теңгеден, 19 үй басына 200 мың теңгеден үлестірдік. Құр қол бармайық деп, ыдыс-аяқ ала бардық.

Елдің еңсесі көтерілді деп айта алмайтын шығармыз, бірақ халық қолдау бар екенін сезініп, көздеріне жас алып, қуанып жатыр. Шымкенттен біраз азық-түлік жеткізіліп жатыр екен. Оңтүстіктегі ағайын қол ұшын созып көмектесіп жатқаны қуантты.

Бірақ ауылдықтар "Мұндай қомақты қаржылай көмекті алып тұрғанымыз алғаш рет" деді. Риза болды. Мысалы бір үйде төрт бала болса, әрқайсысына 200 мың теңгеден, ал отбасы үшін тағы 200 мың теңге алып кеткен отбасы да болды. Әскери қалашықта тағы 4 отбасы тұрып жатыр екен. Оларды да құр қалдырмадық. Барымызды беріп кеттік. Мұның бәрі халықтың арқасы. Мың да бір шүкір. Өзімнің белсенді оқырмандарыма мың да бір алғыс айтамын", - дейді Мөлдір Анарбаева.

Айта кету керек, Мөлдір Анарбаеваның парақшасына қайырымдылық ретінде ақша жинауға қарсы топтың айтқан басты уәжі - жарылыстан зардап шеккендерге үкімет көмектесу керек деген ой.

Блогер бұл пікірге де өз ойын білдірді.

"Билік қарап отыр деп айта алмаймын. Қай үй жарамды, жарамсыз екенін анықтап есепке алып жатыр екен. Облыстың қарамағынан да көмекке шот ашылған. Оған кәсіпкерлерге, жалпы кім қол ұшын созам десе жол ашық. Бірақ ол ақша жиналғанша, ары-бері жүргенше уақыт өтіп кетер еді, біз барлығын жедел түрде ұйымдастырдық. Дер уақытында қимылдадық деп ойлаймын. Киім-кешек алайық десек, әркімнің баласының өлшемі әртүрлі. Ата-ананың өзі алған дұрыс деп шештік. Мүмкін қыркүйекке киім алып қойған да шығар, мүмкін оларға шөп керек шығар деп ойластыра келе, көмекті ақшалай берген дұрыс деп шештік", - дейді ол.

Мөлдір Анарбаева облыс басшылығына небәрі 19 үйді сүріп тастап, орнына жаңа баспана салып беруге мүмкіндік қарастыруын өтінді.

"1900 үй емес, айналдырған 19-ақ үй. Қолдан келсе, сол бүлінген үйлерді сүріп тастап, жаңа үйлердің еңсесін көтеріп жіберсе жарасады деп ойлаймын", - деген үндеу жасады блогер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929757-zarylys-bolgan-auyldagy-ar-otbasyga-200-myn-tengeden-ulestirgen-bloger-oqyrmandaryna-algysyn-zaudyrdy/

pixel