Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы тіс емханасында қайтыс болған бойжеткеннің жақындары оқиғаның мән-жайын айтып берді

Опубликовано:

Тісті емдеу
Тісті емдеу. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматыда ақыл тісін жұлдыру үшін дәрігерлердің көмегіне жүгінген 22 жастағы Мария Сергеева тіс емханасында қайтыс болды. Бойжеткеннің жақындары КТК арнасына сұхбат беріп, жанайқайын жеткізді. Олар кінәлі адамдардың жазаланғанын қалайды.

Артур Литвинов - тіс емханасында көз жұмған бойжеткенді жақындарының арасында соңғы көрген жанның бірі. Жұптары жарасқан екі жас жақын күндері отбасын құруды жоспарлап жүрген. Мария той көйлегін де дайындап үлгеріпті.

Күйеу жігіттің айтуынша, тойдан бұрын тісін емдетпек болған Марияны дәрігерлер екі апта бойы түрлі тексеруден өткізген. Нәтижесінде ота арқылы бойжеткеннің 4 тісін жұлып тастауды ұйғарып, оған анестезия жасапты. Алайда, Марияның жағдайы күрт нашарлап, бойжеткенді ажалдан арашалап қалу мүмкін болмаған.

Артур Марияны сол күні емханаға өзі ертіп келгенін айтады. Бірақ, сыртта ұзақ күткен жігіт арада үш сағат өткесін қаралы хабарды естіген.

"Ота әрі кетсе 2-3 сағатқа созылу керек. Түскі бір кезінде емханаға кіргізіп жібердім. Үш сағаттан соң алаңдай бастап, телефонына хабарлама тастадым. Ешбір жауап болмады. Тіс емханасына барғанымда кірберісте күте тұрыңыз деді. Бір кезде екі дәрігер келіп Марияның қайтыс болғанын айтты. Екі сағат өмірін құтқарып қалуға тырыстық дегені есімде", - дейді Артур Литвинов.

Марияның ата-анасы болса, екі сағат бойы өмір мен өлім арасында арпалысқан қызына не себепті жедел жәрдем шақырылмағанын әлі күнге түсіне алар емеспіз дейді. Ал, тіс емханасының қызметкерлері өздерінде жансақтау бөлімі бар болғандықтан, өзгенің көмегіне жүгінбедік деп жауап қайырған. Дәрігерлердің болжамынша, бойжеткен анафилактикалық шоктан көз жұмған болуы мүмкін.

"Дәрігерлердің салғырттығынан қызымнан айырылдым" деген Марияның әкесі кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді.

"Ота жасар алдында қызымызға қандай дәрі екті, о жағын білмейміз. Ешқандай сынама алынбаған. Сондықтан қызымның жұмбақ өлімінің себебі анықталса деймін. Заң шеңберінде барлық кінәлі адамдар жазаға тартылуы тиіс", - дейді марқұмның әкесі Александар Сергеев.

Жексенбі күні Мария жер қойнына тапсырылды.

Қайғылы жағдайға байланысты тергеу басталған. Полиция "медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929768-almatydagy-tis-emxanasynda-qaitys-bolgan-boizetkennin-zaqyndary-oqiganyn-man-zaiyn-aityp-berdi/

pixel