Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәріміз де таяқ жедік, өлген ешкім жоқ": Қуат Хамитов қызметкерді ұрған полиция майорын жақтап шықты

Опубликовано:

Қуат Хамитов
Қуат Хамитов. Фото: instagram.com/kuat__khamitov/

Атышулы Қуат Хамитов қоластындағы қызметкерге қол көтерген алматылық полиция майорын жақтап шықты. Оның пікірінше, шендіні бір видео үшін жұмысынан босату дұрыс емес. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

Қуат Хамитов полиция майоры қаладағы үздік қызметкерлердің бірі екенін атап өтіп, оған айыппұл жазып берсе жеткілікті болар еді деген пікірін жеткізді.

"Бұл аяқтан шалу деп санаймын! Ол қаладағы үздік қызметкерлердің бірі ғана емес, сонымен бірге әлемнің төрт дүркін чемпионы. Біздің туды көтерген нағыз азамат. Осындай кәсіби мамандарды бір ғана видео үшін неге жұмысынан айырады? Оның осы күнге дейінгі еңбегі қайда қалды?

Айыппұл салыңыздар, бірақ бірден бұлай істеген дұрыс емес қой?! Түсінемін, бәлкім, ол көп адамға кедергі келтіріп жүрген шығар, себебі біраз кісілерді отырғызған өз ісінің маманы еді (түйіндемесін ашып қараңыз). Ал біреуді ұрды дегенге келсек. Біздің бәріміз өмір бойы таяқ жеп келеміз, одан өліп қалған ешкім жоқ", - деп жазды ол.

Алайда спортшының бұл пікірі көптің көңілінен шықпады. Көптеген желі қолданушылары оның айтқанына қосылмайтынын жазуда.

Олардың қатарында АҚШ-тағы қазақ полицейі Димаш Ниязов та бар. Димаш Хамитовтің бұл ойына қарсы шығып, полицей майорының ісі құптарлық емес екенін айтты.

"Бауырым, сені түсінемін. Бірақ жұмыста біреуді ұру деген кәсібилік емес. Аяқтан шалу болса да, адам өзін-өзі ұстау керек", - деп жауап берді полицей.

"Қанша тер төккен болса да, біреуді ұруға ешкімнің қақысы жоқ", "Чемпион болса, біреуді ұру керек пе? Мықтылығыңды рингте көрсет! Погондарын шешіп, боксқа кетсін", "Қуат бауырым, осы сені түсінбедік қой. Біресе былай, біресе былай сөйлейсің. Исламда біреуге өзіңнің жоғары екеніңді көрсетуге бола ма? Спортшы екен деп қоластындағыларды ұруға бола ма? Мүмкін жақсы қызметкер шығар досың, бірақ бұл жерде оныкі дұрыс емес", - деген оқырмандар да жаппай наразылық танытты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде полицейді ұрған видео тараған еді. Автор кадрда Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары өз қарамағындағы қызметкерге қол көтергенін айтады. Бұл жайтқа қатысты Алматы қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

Құзырлы орган аталмыш видео жан-жақты тексерілетінін және бұл жайттың қандай жағдайда болғанын анықтайтынын, кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қабылданатынын мәлім еткен болатын.

Кейін ведомствоның басшысы Қанат Таймерденов полиция департаментінде шұғыл түрде тәртіптік комиссияның отырысы өткізілгенін мәлімдеді.

Оның шешімі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Жақыпбаев ішкі істер органдарының беделін түсіретін әрекет жасағаны және "Қазақстан Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі" нормаларын бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды.

"Астана" телеарнасы хабарлағандай, қылмыстық іс билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабы бойынша тергелуде.

Егер Наурызбай ауданы полиция басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары кінәлі деп танылса, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929792-barimiz-de-tayaq-zedik-olgen-eskim-zoq-quat-xamitov-almatydagy-policiya-maioryn-zaqtap-syqty/

pixel