RU

Ақтөбеде белгісіз біреу 6 мектептегі алғашқы қоңырауды тоқтатып тастады (видео)

Ақтөбе
Видеодан кадр: instagram.com/aktobe_zello_

Ақтөбеде алты мектепке "бомба қойылды" деген жалған ақпарат таратқан күдікті іздестіріліп жатыр. Білім беру мекемелеріне саперлар аттанды деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, 1 қыркүйек күні сағат 08.30 шамасында №2 ОМ электронды мекенжайына Ақтөбе қаласының 6 мектебіне (№1, 2, 21, 22, 51, 56 мектептер) бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Барлық шұғыл қызмет пен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты. Оқушыларды, оқытушылар құрамы мен жұмысшылары эвакуациялау ұйымдастырылды.

Полиция департаменті күдіктіні анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізуде. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл баптың санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видеолар тарап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929896-aqtobede-belgisiz-bireu-6-mekteptegi-algasqy-qonyraudy-toqtatyp-tastady-video/