RU

"Қыруар қаржы тиімсіз жұмсалады": Депутат спорт саласындағы проблемаларды атады

Ойын алаңы
Көрнекі фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Токио Олимпиадасы Қазақстанның спорт саласындағы проблемаларды ашып берді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, еліміздің спорт саласында қарама-қайшылық өте көп.

Кейбір спорт нысанына ағыл-тегіл қаржы бөлінген, дейді халық қалаулысы.

"Мысалы, Шучинскідегі таулы шаңғы трамплині нысанына 38 миллиард жұмсалған. Ал спорттық нәтиже жоқ. 2021 жылы жоғары жетістік спортына 47 миллиардтан астам теңге бөлінсе, бұқаралық спорт дамуына бар- жоғы 2 миллиард теңге бөлінген", - деді Сайыров.

Депутат бүгінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мектептердің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес екенін жеткізді.

Оның сөзінше, жарыстар жүйелі түрде өткізілмейді. Балалар мен жастар спортын қолдау жүйесі жоқ. Бұның барлығы спорттағы тұрақты нәтиженің жоқтығына әкеліп отыр.

"Спорт федерациясына басшы болған олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес. Квалификациясы жоғары ұлттық жаттықтырушылар базасын жасамай, есесіне, "легионер-келімсектерге", пайдасы жоқ кәсіпқой клубтарға миллиардтарды шашып жатырмыз. Елді аралағанда жұртшылық та осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдірді", - деді Сайыров.

Осы орайда халық қалаулысы Nur Otan фракциясы бірнеше ұсыныс жасады:

  • Мектебі бар барлық ауылдарда заман талабына сай спорт залдарын салу;
  • Ауыл-аудан деңгейінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін қалпына келтіру;
  • облыстық спорт жарыстарын көбірек ұйымдастыру;
  • қарапайым халыққа, әсіресе, балаларға спорт кешендерінде жаттығу жасауға жағдай жасау;
  • шетте басқа елдердің медаль қоржынын толтырып жүрген жаттықтырушыларды елге қайтару;
  • барлық үнемделген қаржы Олимпиадалық спорт федерацияларының материалдық-техникалық базасын арттыруға, жаттықтырушылардың моральдық, профессионалдық, материалдық деңгейін көтеруге, өз еліміздің жас спортшыларын тәрбиелеуге бағыттау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929946-qyruar-qarzy-tiimsiz-zumsalady-deputat-sport-salasyndagy-problemalardy-atady/