RU

Жамбыл облысындағы жарылыс: Қаза тапқан прокурордың отбасына марапат табысталды (фото)

Жарылыс
Кадр: Instagram / kris_p_kz

Бүгін Бас прокуратурада Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қаза тапқан Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры Арман Қуанышұлы Қапезовті еске алды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға прокуратура қызметкерінің анасы - Ділда Қапезова, жұбайы - Әсемгүл Қапезова, балалары, жақын туыстары, сондай-ақ прокуратура органдарының ұжымы қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғизат Нұрдәулетов Ділдә Қапезоваға I дәрежелі "Айбын" орденін тапсырды, оның ұлын қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін марапаттаған болатын.

Әскери прокурордың анасына ұлын және нағыз офицерді лайықты тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде, Қапезовтер жанұясы жақындарын жоғары наградамен марапаттағаны үшін Президентке ризашылық білдірді.

Бас Прокурор өз сөзінде Арман Қапезовтің прокуратура жүйесінде 24 жыл жұмыс істеп, жауапкершілігі мол және білікті басшы болғанын, өзінің әскери борышын соңына дейін абыроймен орындағанын атап өтті.

Марқұмның туыстарына арнаған сөзінде Ғизат Нұрдәулетов прокуратура органдары оның отбасын қолдауға қажетті барлық шараларды қабылдайтынын жеткізді.

Ол Арман Қапезовтің ерлік істері болашақ ұрпақ үшін, ең алдымен, прокуратураның жас қызметкерлері үшін әрдайым үлгі болатынын ерекше атап өтті.

Жамбыл облысы
Фото: Бас прокуратура

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929951-zambyl-oblysyndagy-zarylys-qaza-tapqan-prokurordyn-otbasyna-marapat-tabystaldy-foto/