RU

Ақтөбеде опырылған ғимараттың астында қалған әйел көз жұмды

Жедел жәрдем1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбеде "Даму" қорының ғимараты опырылып, бір қызметкер үйінді астында қалған болатын. Ол есін жимастан қайтыс болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылымның мәліметінше, Ақтөбеде үйінді астында қалған қызметкерді аман алып қалу мүмкін болмаған.

"Ауруханаға екі науқас жеткізілді. Біреуіне көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Ал екіншісінің жағдайы өте ауыр болды. Есін білмеді. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Кеуде, бас-ми жарақаты болды", - дейді облыстық жәдел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Серік Қапанов.

33 жастағы әйел есін жимастан көз жұмған.

Еске сала кетсек, оқыс оқиға 1 қыркүйек күні кешкісін болған.

Шамамен 19:25-те Ақтөбе облысы ТЖД кезекшілік-диспетчерлік пультіне "Даму" кәсіпкерлерді дамыту қоры ғимаратының шатыры мен екінші қабаты опырылғаны туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына ТЖД-ның 15 қызметкері мен 4 техникасы жетіп, ғимарат ішінде болған 5 адамды құтқарып, 2 адамды ауруханаға жеткізген.

Алдын ала болжам бойынша опырылып қалған ғимарат бөлігінің ауданы 200 шаршы метр.

Қазір оқиға байланысты Қылмыстық кодекстің "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930126-aqtobede-opyrylgan-gimarattyn-astynda-qalgan-aiel-koz-zumdy/