Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодарда ауыл тұрғындары аялдамаға бару үшін автобаннан өтуге мәжбүр

Опубликовано:

Адамдар
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Павлодар облысы Береке ауыл тұрғындары автобаннан өтетін жол таппай  жүр. Себебі "Павлодар-Нұрсұлтан" тас жолында жаяу жүргіншілерге арналған жол қарастырылмаған. Сондықтан, тұрғындар көліктер зулап жатқан жолды қиып өтуге мәжбүр.  Өйткені, олар ауылдан қалаға қатынап жұмыс істейді деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Береке ауылының тұрғыны Құсайын Уатхан Павлодарға бару үшін күнде осылай күре жолды қиып өтеді. Жолдың қауіпті екенін білсе де, басқа шара жоқ екенін айтады. Өйткені, қалаға қатынайтын автобусқа тек осы аялдамадан мінуге болады.    

"Павлодарға баратын, Екібастұздан келетін кісілер ана жердегі аялдамадан түседі. Содан кейін мына ауылға бару үшін мына жолды қиып өтеді. Қиюға болмайтынын білеміз, мәжбүрлі түрде қиып өтіп жатырмыз. Өйткені, арнайы жаяу жүргіншілер жолы жоқ", - дейді Құсайын Уатхан.

Ауыл халқы жол салынарда осы мәселені көтергендерін айтады. Алайда, оған ешкім құлақ аспаған.  Енді халық соның зардабын тартып отыр.  

"Былтыр біреудің жалғыз ұлын қағып кетті. Талай жол апаты болып жатыр. Соны салып жатқан кезде әкімдерге сөзіміз өтпеді", - дейді Достық ауылының тұрғыны Құрмет Райханұлы.

Ал жолға жауапты "ҚазАвтоЖол" өкілдері  неліктен жаяу жүргіншілер жолы салынбағанын түсіндіріп бере алмады. Бірақ, ауыл халқының шағымы бойынша арнайы комиссия құрамыз деді.

"Береке ауылындағы жол бірінші категорияға жатады. Жол жобадағы проектда жолаушыларға өтетін жол қарастырылмаған. Қазіргі уақытта сол мәселені шешу үшін комиссия құрастырылады", - дейді "Қазавтожол" АҚ Павлодар облыстық филиалының бөлім басшысы Әнуар Аманов.

Яғни, комиссия тексеру жүргізгеннен кейін ғана шешім қабылданбақ.   Ал ауыл халқының соны күтуден басқа амалы жоқ.    

Автор: Ө. Қуанар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930377-pavlodarda-auyl-turgyndary-ayaldamaga-baru-usin-avtobannan-otuge-mazbur/

pixel