Қазақ екенін 10 жыл бойы дәлелдей алмай жүрген Ауғанстан азаматы туыстарына іздеу салды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Ауғанстан азаматы Қазақстан елшілігіне 10 жыл бойы өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай әлек. Қазақстандағы туыстарына іздеу салған ер адам "Ақ Жайық" басылымына сұхбат беріп, жанайқайын жеткізді.
Ауғанстан азаматы Хамит Тадаштың сөзіне сенсек, ол - кіші жүздің Таз руынан тараған қазақ ұлтының азаматы.
"Анамның айтуынша, 20 ғасырдың басында отаршылдық саясаты күшейіп, қазақтар қысымға ұшырап, тоз-тоз болған. Біз тұрған Таздар ауылында тірі жан қалмай, барлығы бас сауғалап шет елге қоныс аударған. Сол кезде атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға өтіп кеткен. Ол қайтыс болғаннан кейін атамыз Шермет жетім қалып, Ауғанстанға өткен. Сонда тұрдық. Мен Ауғанстанға келген кезде Құндыз деген жерде дүниеге келгенмін", - дейді Хамит.
Хамиттің өзімен тете екі бауыры Иранға көшіп кеткен. Ал Хамиттің өзі 2002 жылы Кабул университетіне оқуға түсіп, түрік тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқып, кейін Анкарадағы Gazi университетінде түрік тілі пәні бойынша білім алған.
2012 жылдан бастап Ауғанстандағы ең үлкен жоғары білім ордасы Кабул университетінің шетел тілдері факультетінде түрік тілінен дәріс береді.
"2010 жылы Анкарада жүрген кезімде елшілікке барып Қазақстанға қайтқым келеді дегенімде, олар Ауғанстандағы елшілік жауап береді деді. Ауғанстан елшілігі қазақстандық екеніңді дәлелдейтін ол жақтағы туыстарың болу керек деді. Мүмкін Қазақстандағы Таздардың шежіре кітабында атамның есімі кездесіп қалар", - дейді Хамит.
Анасынан ұлты қазақ екенін жиі естіп келген Хамит қазақша кітаптар оқып, қазақ тілін үйрене бастаған екен.
"Ол кезде Қазақстанға көшу ойымда болған жоқ - қазақ тілін бабамның тілі болған соң оған ғашықтықтан үйрендім", - дейді ол.
Бес бала тәрбиелеп отырған Хамит ұлдарына қазақша есім берген.
"Әкем ерте қайтыс болды, мұнда шешем, жолдасым және 5 баламмен тұрамыз. Ұлдарыма да қазақша есім бердім - Білге хан, Санжар, Атабек. Екі жыл бұрын білімімді кеңейту ойымен Қазақстанға аспирантураға тапсырғым келді. Бірақ ол жақта оқу ақысы қымбат. Содан кейін Бішкектегі "Манас" қырғыз-түрік университетіне тапсырып, "түркі тілдері теориясы" мамандығы бойынша онлайн оқып жатырмын", - дейді Хамит.
Ауғанстан азаматы Кабулде өзінен басқа қазақтар тұратын ауыл барын айтып берді.
"Бұл жақта Тахар облысына қарасты Қазақ деп аталатын ауыл бар. Сол жерде тұратын бірнеше қазақ бауырларды танимын. Олардың көбі Ауғанстанға ертеректе көшіп келген, кейбірі ашаршылық жылдарында көшіп келгендердің ұрпағы. Бірақ олар қазақша білмейді. Үйрететін мұғалім жоқ дейді", - деп әңгімесін жалғастырды ол.
Хамит Ауғанстандағы қазіргі жағдай қиын екенін жасырмады.
"Бұл жақты қазір түгел тәліптер басып алды. Бұрынғыдай үкімет жоқ, халықтың жағдайы нашар. Қаланың есіктері жабық болғасын, сырттан ешқандай азық-түлік келмейді. Банктер де жабық болған соң, халық айлық ала алмай отыр.
Мен жұмыс істейтін Кабул университетін де жауып тастады. Тәліптерден жақсылық күтіп отырған ешкім жоқ, халық үрей мен қорқыныш үстінде отыр. Атамекенге көшкім келеді", - дейді Хамит.
Қазақстанға көшу үшін Хамит Қазақстаннан туыстарын тауып, елшілікке өзінің қазақ екенін дәлелдеуі қажет деп жазады басылым. Оның бар білетіні – руы Кіші Жүз, Байұлының Таз руынан тараған. Әкесі Шарафуддин, атасы Шермет, арғы атасының есмі Ташмет.
Мақала авторы: Нұрбейбіт Нұғыманов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930564-qazaq-ekenin-10-zyl-boiy-daleldei-almai-zurgen-auganstan-azamaty-tuystaryna-izdeu-saldy-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.