RU

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны артады

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны артады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

31 тамызда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің санын көбейту туралы шешім қабылданған еді.

Осы орайда 17 қыркүйектен бастап Air Astana, 25 қыркүйектен бастап Turkish Airlines әуе компаниясы "Алматы-Стамбұл" бағыты бойынша ұшу жиілігін көбейтуді жоспарлап отыр. Яғни, аптасына екі рейстен үш рейске дейін ұлғайтылмақ.

Одан бөлек, 22 қыркүйектен бастап SCAT әуе компаниясы "Ақтөбе-Стамбұл" бағыты бойынша ұшу жиілігін аптасына екіге көбейтуді жоспарлауда.

Алдағы уақытта рейстер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Дегенмен, бұл ведомствоаралық комиссия мен Түркия мемлекеттік органдарының шешіміне, эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ.

Сонымен бірге, министрлік рейстердің бәрі санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, әуе компаниялардың сайтында жарияланған кесте бойынша орындалатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Qatar Airways Қазақстанға әуе рейстерін ашатынын жазған едік.

"Qatar Airways" әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха және Алматы қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 үлгісіндегі әуе кемесімен дүйсенбі және жұма күндері аптасына 2 рейс жиілігімен орындалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930646-qazaqstan-men-turkiya-arasyndagy-aue-reisterinin-sany-artady/