Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысындағы демалыс базасында аю бес жасар баланы тістеп алды

Опубликовано:

Аю
Фото: kstnews.kz

Әлеуметтік желіде демалыс базасында бес жасар қыз балаға аю шабуыл жасап, тістеп алғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жайтқа қатысты Қостанай облысы полиция департаменті пікір білдірді. Сондай-ақ, өңірлік денсаулық сақтау басқармасы да баланың жағдайына қатысты ақпарат берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Болған жайт туралы ақпаратты желіде куәгерлер мен зардап шегушінің туыстары таратқан.

5 қыркүйек күні бес жасар қыз бала ата-анасымен бірге "Радуга" демалыс аймағына келген. Ол жерде торда аю болған. Анасы мен қызы жануарды тамақтандырған. Бастапқыда жыртқыш еш қауіп төндірмеген.

Содан кейін балақай өзі торға жақындаған. Сол кезде аю оның аяғына жармасып, бірнеше мәрте тістеп алған. Баланың айқайлаған дауысын естіген ата-анасы мен демалушылар жүгіріп келген. Олар қызды жыртқыштан арашалап алған.

Зардап шеккен қызы бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Полиция департаментінің KAZ.NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, қазір аталған факті бойынша Қостанай аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 114-бабы (Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Аталған бапта 80 АЕК көлемінде айыппұл салу, дәл сол мөлшерде түзету жұмыстарына тарту немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Демалыс базасына келушілердің айтуынша, қазір аю тордың ішінде. Оның маңына қауіпсіздік шараларын сақтау керек екені туралы ақпарат пен ескерту тақталары ілінген.

Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскен кезде бес жасар қыздың жағдайы аса ауыр деп бағаланған.

"Ауырлық дәрежесі алған жарақатына байланысты анықталды. Бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Органды сақтап қалу бойынша ота жасалды. Алайда, жарақатының ауырлығына байланысты аяғын сақтап қалу мәселесі туындап отыр", - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1930657-qostanai-oblysynda-demalys-bazasynda-ayu-bes-zasar-balany-tistep-aldy/

pixel