RU

Алматыда есірткі қолданған көлік жүргізушісі бойжеткенді қағып кетті (видео)

Жол апаты
Видеодан кадр: kris_p_original

Бүгін Алматыда Жібек Жолы көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында жол апаты болды. Көлік жаяу жүргіншілер жолына шығып, бойжеткенді қағып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жол апатының видеосы Instagram желісіндегі kris_p_original парақшасында жарияланды.

Бейнежазбадан автокөліктің бір мезетте жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткенін, сондай-ақ, бірнеше адамның көліктен қашып үлгергенін байқауға болады.

Алайда, видео сыртындағы дауыс көлік жүргізушісі бір қызды қағып кеткенін айтады.

Көп ұзамай жазба астына Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбідрахманов пікір қалдырды.

Ол аталған жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, ал тергеу жұмыстары Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылғанын жазды.

Одан бөлек, NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын сұрап, полиция департаментіне жүгінді.

Ведомствоның мәліметінше, 6 қыркүйек күні сағат 12:50 шамасында Subaru көлігі Сейфуллин даңғылымен солтүстікке бағытқа қарай кетіп бара жатқан. 1988 жылы туған көлік жүргізушісі есірткі қолданып рөлге отырған.

Ол Жібек Жолы көшесінің қиылысында жаяу жүргінші - 1991 жылы туған қызды қағып кеткен. Зардап шеккен азаматша түрлі жарақатпен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында жол апаты болып, үш адам зардап шеккенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930689-almatyda-esirtki-qoldangan-kolik-zurgizusisi-boizetkendi-qagyp-ketti-video/