RU

Томирис Байсафаның адвокаты қылмыстық істің Қазақстанда қайта қаралуын талап етті

Томирис Байсафа1
Томирис Байсафа. Фото: instagram.com/_ahmetova_zhanna

Қылмыстық іс Қазақстанда қайта қозғалсын. Мәскеуде қаза тапқан Томирис Байсафаның адвокаты Евгений Яворский Бас прокуратураға осындай өтініш айтып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Яворскийдің сөзінше, ол марқұм бойжеткен өзіне қол салды деген Ресей сотының үкімімен келіспейді. Себебі түсініксіз тұстар өте көп.

"Мен Бас прокуратурадан қылмыстық істі қайта қозғап, тергеуді обьективті жүргізуді сұраймын. Қазақстан өз азаматтарын қорғауы тиіс. Ал Ресейде Меджидовтың әулеті өте ықпалды. Олар судьяның әділетті шешім шығаруына кедергі келтірді. Тергеушілер де күдіктіні ақтап алуға барынша тырысқаны көрініп-ақ тұр. Томирис өзіне қол жұмсайтын қыз емес. Мәселен, оның терезеден секірген сәті жоқ. Ал оған дейін және кейінгі кезі бейнебақылауға жазылған. Түсініксіз тұстар өте көп", - дейді адвокат Евгений Яворский.

Еске салсақ, 2018 жылдың 3 мамырында Мәскеуде университет ғимаратынан құлаған қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болған еді.

Ресей тарапы аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар, тергеу органдары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырды. Алайда Томирис Байсафаның анасы өмірге құштар қызының өзін өлтіруі мүмкін емес екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ, қазақстандық арудың өліміне қатысты істе Дағыстанның бұрынғы премьерінің ұлының есімі де аталған еді. Олардың жақын қарым-қатынаста болғаны да айтылды. Кейін одан жауап алынғаны да хабарланды.

2020 жылдың 28 шілдесінде Муртузали Меджидовтің ұсталғаны белгілі болды. Ресейдің тергеу комитеті оған қатысты 105-бап бойынша ("Кісі өлтіру") қылмыстық іс қозғады. Кейін ол қамауға алынды.

Ал осы жылдың маусым айында атышулы іс бойынша сот процесі аяқталып, Томирис Байсафаның өліміне күдікті деп танылған Муртузали Меджидов ақталып шықты.

Дегенмен кейін марқұмның анасы сотта заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеп, апелляциялық шағым түсіретінін айтқан еді.

Жақында апелляциялық шешім шығуы тиіс. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930736-tomiris-baisafanyn-advokaty-qylmystyq-istin-qazaqstanda-qaita-qaralauyn-talap-etti/