RU

Еліміздегі тағы бір мектепте кварц салдарынан балалардың көзі күйіп қалды

Мектеп
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскемендегі мектептердің бірінде білім алатын оқушылардың көзі күйіп қалған. Балалардың жанарына кварц лампасынан зақым келген деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Бұл жайт Өскемендегі №17 мектепте болған. 4 оқушының көзіне ультракүлгін сәуледен зақым келген.

Алдын ала деректер бойынша кабинеттерді кварцтауға арналған лампалар сабақ кезінде қосылып тұрған.

Медицина қызметкерлері көздің қасаң қабығының электроофтольмиясы диагнозын қойған.

Телеарнаның мәліметінше, бұл жайтқа қатысты тергеуді прокуратура жүргізіп жатыр.

"Жергілікті атқарушы органдар тәртіптік сипаттағы шараларды қабылдады. Директор, директордың орынбасары, сондай-ақ мұғалім жауапкершілікке тартылды. Қала прокуратурасы уәкілетті органдарға, атап айтқанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен білім саласындағы сапа департаментіне тексеру жүргізу қажеттігін айтты", - дейді қала прокуратурасының аға прокуроры Нартай Мұратов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Оралдағы мектепте кварцтан 10 оқушының көзі зақымданғанын жазған едік.

Балаларға электроофтольмия диагнозы немесе көздің қасаң қабығының жеңіл дәрежедегі күйігі деген диагноз қойылған.

БҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратынша, №3 орта мектепте 3 қыркүйек күні бақылаудың болмауына байланысты 2-ауысымда оқитын 7-сынып оқушылары үзіліс кезінде бактериацидтік шамды рұқсатсыз қосқан.

Ал полицейлер болса, ата-аналар тарапынан шағым түспегенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930755-elimizdegi-tagy-bir-mektepte-kvarc-saldarynan-balalardyn-kozi-kuiip-qaldy/