RU

"Көлікте офицерлер болды": ШҚО-да адам өлімімен аяқталған апат орын алды

жүргізуші авто 2
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысындағы тас жолда шекара қызметінің офицерлері қаза тапты деген хабарлама пайда болды. Апат туралы ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, бірақ салонда қызметкерлердің расымен болған-болмағаны белгісіз деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлеуметтік желілерде шекарашылар отырған Toyota маркалы көлігі жүк көлігімен соқтығысқаны айталған. Нәтижесінде көліктің жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапты. Апат құрбандары офицерлер болған деген ресми ақпарат жоқ.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 6 қыркүйек күні кешкі сағат 20.40 шамасында 22 жастағы Toyota Crown жүргізушісі Ресей шекарасынан Шемонаихаға қарай келе жатып, тас жолдың 117 шақырымында қарсы жолаққа шығып кеткен.

Сөйтіп Renault жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан Toyota көлігінде отырған жүргізуші мен 23 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесі үшін полиция басқа ақпаратты жарияламайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930904-kolikte-oficerler-boldy-sqo-da-adam-olimimen-ayaqtalgan-apat-oryn-aldy/