RU

Елордада балалар үйінен 26 млн теңге жымқырғандар анықталды

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қаржы мониторингі агенттігі елордадағы балалар үйіне бөлінген қаражаттың 25,9 миллион теңгесі ұрланғанын анықтады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Агенттік "Qamqor" жедел алдын алу іс-шарасы аясында астанадағы балалар үйлерінің бірінде жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тергеу барысында осы мекеменің директоры мен бас бухгалтерінің сатып алу ережелерінде көрсетілген шараларды өткізбей, басқаруындағы үлестес кәсіпорынмен бірге азық-түлік жеткізуге шарт жасағаны анықталды.

Ал компанияның нақты иесі – бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы.

"2019-2020 жылдар арасында жасалған шарттар бойынша лауазымды тұлғалар осы компания арқылы жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген 130 миллион теңге бюджет қаражатынан 25,9 миллион теңге жымқырған", - делінген ақпаратта.

Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеуге байланысты жарияланбайды.

Қаржы мониторингі агенттігі жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың барлық құқығын қорғау және қаржылық жағынан қамтамасыз ету әрқашан басты назарда екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931019-elordada-balalar-uiinen-26-mln-tenge-zymqyrgandar-anyqtaldy/