RU

Коронавирус: Оқу жылы басталғалы бері 241 сынып жабылған

парта
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Елімізде жаңа оқу жылы басталғалы бері 400-ден астам оқушыдан коронавирус анықталған және 241 сынып карантинге жабылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова айтты.

"356 сыныпта коронавирус жұқтыру дерегі бір-бірден, 62 сыныпта екіден, 11 сыныпта үш жағдайдан тіркелді. 241 сынып карантинге жіберілді", - дейді Зәуре Ахметова.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері коронавирус жұқтырған жалпы 426 оқушы анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, олар вирусты мектепте емес, демалыс кезінде басқа науқастармен байланыс кезінде жұқтырған.

Оқушылардан инфекция анықталғаннан кейін Қазақстан бойынша мектептерде 3 мыңнан астам ПТР-тест жасалған. Соның көмегімен ауру жұқтырған тағы үш бала анықталған.

Еске сала кетсек, бұған дейін медициналық қарсы көрсетіліміне байланысты коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған азаматтар демалыс күндері сауда орталықтары мен басқа да нысандарға анықтамасын көрсетіп кіре алатынын жазған едік.

Сонымен бірге, ПТР-тест қорытындысы ауру жоқ екенін көрсетсе де, Ashyq жүйесінде азаматтардың мәртебесі өзгермесе, онда тұрғындар кімге жүгіну керек екені хабарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931103-koronavirus-oqu-zyly-bastalgaly-beri-241-synyp-zabylgan/