RU

Ұлттық статистика бюросы санаққа қатысты PlayMarket-тегі қосымшаның ресми еместігін мәлімдеді

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Google Play Market платформасында "Онлайн халық санағы-2021" қосымшасы пайда болды. Алайда Ұлттық статистика бюросы бұл платформа ресми емес екенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросы осы қосымша арқылы санақтан өткен азаматтардың ұсынған бастапқы статистикалық мәліметтерінің құпиялылығы сақталатынына кепілдік бермейтінін айтты.

Ведомство қазіргі уақытта респонденттерге санақтан онлайн режимде өтудің бірнеше жолы қарастырылғанын жеткізді:

  • sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы;
  • eGov порталында авторизация арқылы;
  • AITU қосымшасы арқылы.

Азаматтардың ыңғайлылығы үшін консультанттары бар санақ бұрыштары ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 1 қыркүйек елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде халық санағы үшінші рет өтуде.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда бұл азаматтар сауалдардың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі, санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек қана әйелдерге қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ, үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі ғана жауап беретін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931301-ulttyq-statistika-byurosy-sanaqqa-qatysty-playmarket-tegi-qosymsanyn-resmi-emestigin-malimdedi/