RU

"Ұрып-соғып, көлікке отырғызды": Шымкентте тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыс болды

Стадиондағы жұрт
Кадр: КТК арнасы

Шымкентте емхана құрылысына қарсы шыққан тұрғындар тәртіп сақшыларымен қақтығысып қалды. Қала билігі Қызылжар ықшамауданындағы стадионды бұзып, орнына емдеу мекемесін салмақшы деп хабарлайды КТК арнасы.

Әкімдік 8 ай бұрын екі гектар жерде тұрған спорттық нысанның орнына замануи емхана саламыз деп шешкен. Алайда жергілікті тұрғындар бұл шешімге қарсы болып отыр.

"Емхана деген аты болмаса, жекеменшікке өтіп жатыр" деген тұрғындар "70 жылдық тарихы бар стадион сүріліп тасталса, ол жерге күнделікті барып жүрген 500-ге жуық бала қайда жаттығады" деп күйінуде.

Сондықтан жұрт құрылыс бастауға келген техниканы тоқтатпақшы болған. Нәтижесінде полицейлер мен тұрғындар арасында қақтығыс туындаған.

"Бес-алтауы ұрып-соғып, көлікке отырғызды. Полиция формасын киіп алған. Жай дүкенге шыққан едім, "телефон ұстап тұрсың, неге түсіріп жатырсың?" деп, мені көлікке салып әкетті. Бүйрегімнен қатты ұрды, көзім көгеріп қалды", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бабыр Ашурметов.

Ал шенеуніктер "стадионды сүру амалсыз шара" дейді. 68 мың тұрғынға қызмет көрсететін №9 емхана ескірген соң, осы стадионның орнына жекеменшік есебінен емдеу мекемесін тұрғызбақшы. Стадионның орнына жақын жерден бірнеше балалар алаңқайын салатынын да мәлімдеді.

"Жеке инвестордың есебінен №8 емхананы басқа жерге жалға көшіріп, ол жерді бұзып тастап, соның орнына 80 сотық жерге тұрғындарға бюджет есебінен, қала бюджеті есебінен спорт балансына алып, сол жерден спорт алаңшасын саламыз. Құрылыс тоқтатылмайды", - дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931386-uryp-sogyp-kolikke-otyrgyzdy-symkentte-turgyndar-men-policeiler-arasynda-qaqtygys-boldy/