RU

Қостанай облысында жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың денесі табылды

қыз1
Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанай облысында 25 тамыз күні жұмыстан шыққан соң із-түзсіз жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың денесі табылды деп хабарлайды өңірлік полиция департаменті Facebook парақшасында.

Құзырлы органның мәліметінше, аталмыш фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"Полицейлер қыздың денесін оның жұмыс орнынан 150 метр жердегі орман алқабынан тапты. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Соның нәтижесінде өлім себебі анықталатын болады", - дейді Қостанай облысының полиция депратментінен.

Еске сала кетсек, бұған дейін 19 жастағы Евгения Казачуктың із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Ол жұмыстан шыққаннан кейін үйіне оралмаған.

Қыздың жақындары мен еріктілер оны өздігінен таба алмаған соң полицияға жүгінген.

Одан бөлек, Семейде 17 жастағы студенттің табылмай жатқанын хабарлаған болатынбыз. 6 қыркүйек күні үйінен колледждегі оқуына шығып кеткен Сымбат Сабыров сол күйі қайтып оралмаған.

Алайда кейін еріктілер оның аман-есен табылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында жоғалып кеткен 39 жастағы Өмірсерік Әлімқұловты тікұшақпен іздестіріп жатқанын жазған едік.

Ол үйінен Mercedes-Benz көлігімен вахтадағы жұмысына шығып, содан бері хабар-ошарсыз кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931503-qostanaida-zogalyp-ketken-19-zastagy-qyzdyn-denesi-ormannan-tabyldy/