RU

Ақтаудағы элиталық қонақүйде шектеулерге қарамастан Анна Седокованың қатысуымен концерт өткен

Анна Седокова
Кадр: Instagram / rixoswaterworldaktau

Өткен демалыс күндері бас санитарлық дәрігерлердің тыйымына қарамастан, Rixos Aktau қонақ үйінде украиналық әнші Анна Седокованың қатысуымен концерт өткен. Бұған қатысты қала әкімдігі пікір білдірді.

Қонақүйдің Instagram парақшасында концерттің видеосы пайда болды.

Афишадағы мәліметке сәйкес, концерт 4 қыркүйекте өткен. Кейбір қазақстандықтар бұл шараның шектеулерге қарамастан өткізілгеніне наразылығын білдіруде.

"Rixos-та коронавирус жоқ деген қауесет таралуда", "Барлығында карантин, ал оларға шектеу жоқ болғаны ма?" - деп жазды пікір қалдырушылар.

Ақтау әкімдігі Lada.kz тілшісіне бұл жайтқа қатысты шара қолдану мақсатында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне хат жіберілгенін хабарлады.

"Сірә, концертті ұйымдастырушыға айыппұл салынады", - дейді Ақтау қаласының әкімдігі басылымға.

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова бес жұлдызды қонақүй аумағындағы барлық концерттер 31 шілдеден бастап тоқтатылатынын хабарлаған болатын.

Қонақүйдің бас менеджері Серік Исағалиев эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келмейінше, қонақүй аумағындағы концерттерді тоқтату бойынша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931662-aqtau-akimdigi-elitalyq-qonaquidegi-anna-sedokovanyn-koncertine-qatysty-pikir-bildirdi/