RU

Қытайда коронавирус қайта өршіді: Дерттің жаңа ошағы анықталған

Қытайдағы коронавирус
Көрнекі сурет: Zou Hong/chinadaily.com.cn

Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Фуцзянь провинциясында COVID-19 дертінің жаңа ошағы пайда болды. Мұнда коронавирустың жаңа түрін жұқтырудың алты жағдайы тіркеліп, ауру белгісі жоқ 18 тасымалдаушы анықталған.

Коронавирустың Қытайда қайта өршуі туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап, РИА Новости хабарлады.

COVID-19 індетінің жаңа ошағы халқы 3 миллионнан асатын Путянь қаласының Сянью уезінде тіркеліп отыр.

Алдын ала мәліметтер бойынша, мұнда коронавирустың өте жұқпалы деп танылған "дельта" штамы таралып кеткен.

Дертті жұқтырудың алғашқы жағдайы анықтала салысымен құзыретті мекемелер жергілікті тұрғындардан 82 мыңға жуық сынама алған.

"ҚазАқпарат" мәліметіне сенсек, 11 қыркүйектен бастап Путяньда COVID-19-дың таралу қаупіне байланысты қалааралық және өңіраралық маршруттық таксилердің жұмысы уақытша тоқтатылған, сонымен қатар басқа аймақтармен де жолаушылар автобусы қатынасы тоқтатылған.

Одан бөлек, елдімекендегі спорт, демалыс және басқа да ойын-сауық орындары уақытша жабылған. Қаладан шығу үшін коронавирусқа тест тапсыру қажет.

Провинцияға коронавирустың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобы да жіберілгені атап өтілді. Ресми мәліметтер бойынша, Қытайда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 94,35 пайызы емделіп шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931670-qytaida-koronavirus-qaita-orsidi-derttin-zana-osagy-anyqtalgan/