RU

Ерболат Досаев Ұлттық қорда қанша ақша бар екенін айтты

Теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Тамыз айының соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қорда 56,9 миллиард доллар бар. Бұл ақпаратпен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев үкімет отырысында бөлісті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Биыл тамызда Ұлттық қорға түскен түсімдер 420 миллиард теңге, оның ішінде шетел валютасында 506 миллион доллар немесе 215 миллиард теңге болды. Ұлттық қордың активтері осы жылдың тамыз айының соңында 56,9 миллиард долларды құрады", - деді Ерболат Досаев.

Оның сөзінше, тамызда 396 миллиард теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлу үшін 845 миллиард доллар сатылған.

Сонымен қатар ведомство басшысы өткен айда Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасқанын және 316 миллион долларды құрағанын жеткізді.

Ал жыл басынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісі негізінен акциялар нарығында өсуді жалғастыруына байланысты 2,3 миллиард доллар немесе 4,11% болды.

Досаевтың дерегінше, алтын-валюта резервтері бір айда 1,8 миллиард долларға ұлғайып, тамыздың соңында 36,8 миллиард долларға жеткен.

Ұлттық қордың активін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер бір айда 1,8 милиард долларға ұлғайып, 93,7 миллиард долларға жетті.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ерболат Досаев елімізде қымбатшылық әлі жалғасатынын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931946-erbolat-dosaev-ulttyq-qorda-qansa-aqsa-bar-ekenin-aitty/