RU

Шымкентте сегізінші қабаттың терезесінен құлаған 2 жасар сәби көз жұмды

Оқиға
Оқиға орнынан фото: Шымкент қалалық полиция департаменті

Шымкентте екі жасар қыз бала жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болды. Бүлдіршін сегізінші қабаттағы терезеден құлап кетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 14 қыркүйек күні 20:40 шамасында Қаратау ауданының "Нұрсәт" ықшам ауданында болған.

Төтенше жағдай қызметіне тұрғын үйдің сегізінші қабатының терезесінен баланың құлағаны туралы ақпарат түскен.

Ведомство мәліметінше, 2019 жылы туған қыз бала ата-анасының қарауынсыз қалған. Ол 8-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған.

Осы орайда құтқарушылар ата-аналардан балаларын әсіресе ашық тұрған терезенің және балконның қасында қалдырмауын сұрайды.

Сондай-ақ, терезені бала өз бетімен аша алмауы үшін блокираторлар қоюды ұсынып отыр. Ведомство балалармен профилактикалық әңгіме жүргізудің де маңызды екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қыркүйек күні Ақмола облысында мектеп шатырын жөндеу кезінде 9-сынып оқушысы құлап кеткен еді.

Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған бала Ақкөлдегі Бектұров атындағы №3 орта мектепке барып, еңбек шартын жасаспай білім ордасының ғимаратын жөндеуді жүзеге асыратын қосалқы мердігер ұйымның бригадирінің тапсырмасын орындаған.

Техперсоналдың сөзінше, оқушы ғимараттың төбесінде жүргенде, аяғы тайып, жерге құлаған.

Сонымен қатар, Оралда бір үйдің екі баласы бесінші қабаттың терезесінен құлап кеткен болатын. Бүлдіршіндер салдарынан ауыр жарақат алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932124-symkentte-segizinsi-qabattyn-terezesinen-qulagan-2-zasar-sabi-koz-zumdy/