RU

Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушісін ұрған: Оқиғаға полиция мен прокуратура пікір білдірді

қыз1
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазнетте Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің бірі соққыға жығылған видео пайда болды. Болған жайтқа қатысты қаланың полициясы мен прокуратура пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Azattyq Ruhy Telegram каналында жарияланған кадрларда балалар үйінің тәрбиеленушісінің ішінен тепкені, содан кейін бетінен жұдырықпен ұрғаны көрсетілген. Соққыға жығылған қыз айқайлап, жылайды. Жалпы алғанда, видеода бірнеше бейәдеп сөздер бар.

Оқиғаға қатысты Алматы полиция департаменті пікір білдірді.

"Аталған факті бойынша Медеу ауданы полиция басқармасы тексеріс бастады. Видеоға аталған балалар үйінің 2004 және 2005 жылы туған тәрбиеленушілері арасындағы жанжал түсірілгені анықталды. Оқиға 2021 жылдың 3 қыркүйегінде болған", - деді полиция.

Ведомствоның мәліметінше, аталған факті бойынша ешкім полицияға шағымданбаған. Дегенмен құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтайды. Нәтиюесінде заң аясында шешім қабылданады.

Видео "Жанұя" мамандандырылған кешенінде түсірілгені белгілі болды. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин хабарлады. Оның сөзін "ҚазАқпарат" ХАА келтірген.

"Кеше интернетте осы мекеме тәрбиеленушілерінің анық физикалық зорлық-зомбылық пен күтімсіздік белгілері бар суреттері мен видеолары таратылды. Алайда, балалардың маған ұсынылған видеоларында, оларда жарақаттың, ұрып-соғудың іздері көрінбейді. Балалар үйінің қазіргі директоры мемлекет атынан мекеме тәрбиеленушілерінің ресми қамқоршысы болып есептеледі.

Бұл видео мен фотоларды кім, қашан және қандай жағдайда түсіргенін анықтау үшін ол Алматы Полиция департаментіне және прокуратураға жүгінуге міндетті. Мен осы видеоны түсірген қызметкерлердің неліктен полицияға уақытында жүгінбегенін, өз міндеттерін орындамай, балалардың құқықтарын қорғамағанын анықтадым", - деді Аружан Саин.

Алматы қаласының прокуратурасы Аружан Саиннің бастамасымен осы орталықта тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында көптеген бұзушылықтар анықталды. Бұрынғы басшылық пен бірқатар қызметкерге қатысты бірнеше қылмыстық іс тіркелді.

Қала прокуратурасы мекеме қызметкерлерінің жалақысын негізсіз артық төлеу, тауарлық-материалдық құндылықтардың, оның ішінде демеушілік көмектің жетіспеушілігі, мекеме үй-жайларын ағымдағы жөндеу бойынша нақты орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу фактілері анықталғанын хабарлады.
Тексеру материалдары бойынша 58 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932227-almatyda-balalar-uiinin-tarbielenusisin-urgan-oqigaga-policiya-men-prokuratura-pikir-bildirdi/