Жамбыл облысындағы жарылыс: Қандай бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Опубликовано:

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыс бойынша істі тергеу Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша жүргізілуде деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ІІМ Тергеу департаменті әскери-тергеу басқармасы аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің үш бабымен іс қозғаған. Олар:
- 462-баптың 3-бөлігі (Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұза отырып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет);
- 453-баптың, 2-бөлігі ( Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы);
Сонымен қатар, өрт пен жарылыстың себептерін анықтау үшін мамандар тартылған. Өрт-жарылыс және басқа да сараптамалар тағайындалған. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Одан бөлек, Жамбыл облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 274-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы (Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын біле тұра жалған ақпарат тарату) бойынша іс ашқан.
"Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы басқа ақпарат жариялануға жатпайды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", - деді ІІМ.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан 17 адам қайтыс болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932253-zambyl-oblysyndagy-zarylys-qandai-bap-boiynsa-tergeu-zurgizilip-zatyr/