RU

Алматы облысының тұрғыны әйелін сабап өлтіріп, денесін каналға тастаған

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Оңтүстік астана маңындағы Үлкен Алматы каналында 37 жастағы Талғар тұрғынының мәйіті табылды. Келіншекті ұрып-соғып, тұншықтырып өлтірді деген күдікке марқұмның 48 жастағы күйеуі ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.

12 қыркүйек күні Еңбекшіқазақ ауданы Ават ауылында жергілікті тұрғындар азаптау белгілері бар әйел денесін тапқан. Сарапшылар марқұмның қабырғасы сынып, травматикалық шок алғанын анықтады. Осылайша, келіншекті ұрып-соғып, Үлкен Алматы каналына лақтырғаны белгілі болды.

Марқұмның тұлғасы анықталып, Талғар ауданында өз күйеуімен бірге тұрғаны расталды. Көп ұзамай жантүршігерлік қылмысқа барды деген күдікпен марқүмның жары ұсталды.

"Қылмыстың 6 қыркүйек күні болғаны анықталды. Күдікті өз әрекетін мойындап, жұбайы екеуінің арасында жанжал болғанын жеткізді.

Азамат өз әйелін ұрып-соққан. Салдарынан келіншек көз жұмған. Қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті марқұмның денесін арбаға салып апарып, каналға тастаған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары Қылмыстық кодекстің 106- бабы 3- бөлімі бойынша жүргізіліп жатыр",- деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта күдікті тұтқында жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932260-almaty-oblysynyn-turgyny-aielin-sabap-oltirip-denesin-kanalga-tastagan/