Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына қатысты ақтау үкімінің күші жойылды

Опубликовано:

Берік Шәріп
Берік Шәріп. Фото: primeminister.kz

Елорданың апелляциялық соты "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, биыл 4 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімін шығарған болатын.

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған болатын. Прокурор соттан күдіктіге Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Алайда ол 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1000 АЕК айыппұл тағайындалды. Ал 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәсіз деп танылып, іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталған еді.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық алқа отырысында аталған инстанция сотының үкімі жойылып, Берік Шәріпке жаңа айыптау үкімі шығарылды.

Бұл ретте "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына қорғаныс костюмдерін жеткізуші басқа компаниялардың коммерциялық ұсыныстарынан негізсіз бас тартты деген айып тағылған.

Қылмыстық істі зерделей келе, сот алқасы Берік Шәріпті жоғарыда аталған екі бап бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады.

Сонымен қатар, Берік Шәріп өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым алу құқығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932452-sq-farmaciyanyn-buryngy-bassysyna-qatysty-aqtau-ukiminin-kusi-zoiyldy/

pixel