RU

Ақтөбеліктер еліміздің бас санитарлық дәрігерін сотқа берді

қиясов
Фото: batys.info

Ақтөбе тұрғындары еліміздің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовты сотқа берді. Олар Қиясовтың коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы талабын заңсыз екенін айтып отыр деп хабарлайды "Диапозон" басылымы.

Ақтөбе сотына қаланың үш тұрғынының атынан еліміздің бас санитарлық дәрігеріне қатысты арыз түскен.

Олар арызда Ерлан Қиясов қол қойған қаулыдан коронавирусқа қарсы екпе алмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы пунктті алып тастауды сұраған. Арыз жазушылардың сөзінше, бұл талап заңсыз.

Ақтөбе соты бас санитарлық дәрігер Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтінін, дау тудырған қаулы елордада шыққанын есепке ала отырып, істің де сонда қаралғаны дұрыс деп шешкен.

Нәтижесінде арыз қаралу үшін Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілген. Өңірлік басылым оқиға барысын назарда ұстамақ.

Айта кетейік, жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін міндетті вакцинация шілде айының басында енгізілген еді. Бастапқыда ел тұрғындары 15 тамызға дейін екпе алуға міндеттелді. Кейін мерзім 6 қыркүйекке дейін ұзартылды.

Коронавирусқа қарсы міндетті вакцинацияның қаншалықты заңды екенін әділет министрлігі түсіндірген болатын.

Ведомство мәліметінше, кодекстің 85-бабының 4 және 8-тармақтарына сәйкес медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті. Оның қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932453-aqtobelikter-elimizdin-bas-sanitarlyq-darigerin-sotqa-berdi/