RU

Алматылық өнертапқыш күн сәулесімен қуатталатын ұшақ жасап шығарды (видео)

Ұшақ
Өнертапқыштың ұшағы. Кадр: Almaty.tv

Алматыда 37 жастағы өнертапқыш пилотсыз ұшатын аппарат жасап, рекордын жаңартты деп хабарлайды Almaty.tv.

Жастайынан электроникаға жаны құмар Алексей Оксененко бұған дейін 100 шақты ұшақ құрастырыпты.

Ал соңғы жасаған моделі талайды көрген мамандарды таң қалдырып отыр. 10 сағаттан аса әуеде қалықтаған пилотсыз аппарат 570 шақырымды қонбай бағындырған.

Сәтпаев университетінде ұстаздық ете жүріп, түрлі жобалармен айналысатын азаматтың жасап шығарған ұшағы жанар-жағармайды қажет етпейді. Ұшақ күн сәулесінің қуатымен қалықтайды. Байсерке аэродромында, ұшу аппаратының кезекті сынағы жүргізілді.

"Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық болды. Осы аэродромда Алексей пилотсыз ұшу апаратының ұзындығы және әуедегі уақыты бойынша Қазақстандағы бірінші рекордын орнатқан еді", – дейді "Отан" ҚБ аэроклубының жетекшісі Юрий Ельцов.

Ұшақтың отандық құрылғылар арасында баламасы жоқ. Өнертапқыш болса, техниканы жаңартып, әлемдік рекорд орнатуға ниетті екенін жасырмады.

"Біз қазір еліміздің ауылшаруашылығынан бастап әскери қажеттілігіне дейін жарайтын ұшу аппараттарын құрастырып жатырмыз. Ал мына ұшақ нысандарға, жолдарға, құбыр және электр желілеріне бақылау жүргізуге арналған", – дейді Алексей Оксененко.

Мамандардың сөзінше, мұндай техника әсіресе, жолы нашар, шалғайдағы ауылдарға пошта немесе бандероль жеткізуге ыңғайлы екен. Барын салса жылдамдығы 170 шақырымға дейін жететін көрінеді. Қаңқасына орнатылған элементтер ұшаққа жарты күн бойы қалықтауға мүмкіндік береді.

Сая Есімхан, Ялкунжан Ашимжанов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932507-almatylyq-onertapqys-kun-saulesimen-quattalatyn-usaq-zasap-sygardy-video/