Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайдағы үйлердің бірінің жертөлесінде жарылыс болды: Зардап шеккендер бар

Опубликовано:

Жарылыс
Фото: kstnews.kz

Қостанайда 16 қыркүйекте Бородина көшесі, 116 мекенжайында орналасқан жеке үйдің жертөлесінде жарылыс болды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы салдарынан үш адамның зардап шеккенін хабарлады деп жазады "Костанайские новости" басылымы.

Куәгерлердің бірінің сөзінше, жарылыс болған үйде үш ер адам құрылыс көбігімен жұмыс істеген. Ол ғимаратқа газ жиналып қалған деп топшылайды.

"Ер адамдардың бірі жертөлеге тұтанған темекімен кірген. Салдарынан жалын шығып, жарылыс болған", - дейді куәгер.

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша жертөледе қабырғаларды жылыту үшін "Polynor" құрылыс көбігімен құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген.

Құрылыс көбігін қолдану кезінде жарылу қаупі бар газ-ауа қоспасының жоғары концентрациясы пайда болған.

"Құрылысшылар пайдаланған бұл полиуретанды жылытқыштың құрамында дифелнилметандиизоцианат бар. Ол жабық кеңістікте жоғары концентрацияға жетіп, жарылуы мүмкін. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін материалдар Қостанай қаласы полиция басқармасына жіберілді", - дейді ТЖД.

Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, төтенше жағдай орнынан үш зардап шегуші қалалық ауруханаға жеткізілген.

Олардың бірі - 1995 жылы туған азамат. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған және оған үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылған.

Екінші зардап шегуші 1984 жылы туған ер адамға да үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылған. Оның денесінің 35 пайызын күйік шалған. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Ал үшінші зардап шегуші 1983 жылы туған азамат екінші дәрежелі күйік диагнозымен қабылдау бөліміне жеткізілген. Денесінің 12 пайызы күйген. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1932540-qostanaidagy-uilerdin-birinin-zertolesinde-zarylys-boldy-zardap-sekkender-bar/

pixel