ШҚО-да арнайы операция кезінде 8 адам ұсталды
Опубликовано:

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер прокуратурамен бірлесе отырып арнайы операция өткізді. Нәтижесінде еліміздің әр өңірінде тұратын 8 азамат ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1-15 қыркүйек аралығында полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы бағытталған жедел-іздестіру шарасын өткізген.
Кейін белгілі болғандай, синтетикалық есірткі тарату арнасын құру үшін Өскеменге арнайы келген басқа қаланың азаматтары тәртіп сақшыларының назарына ілінген.
Олардың барлығы іс-қимылдарын байқатпау үшін түнде ғана әрекет етіп, психотроптық заттарды Қазақстаннан тыс жерлерде тарату бойынша интернет-дүкендердің бірінің әкімшісінің нұсқауларын қатаң орындап отырған.

Жарты айға жетер-жетпес уақыт ішінде полиция қызметкерлері оларды қолға түсіруге негіз болатын дәлелдер жинаған. Күдіктілер жалға алған пәтерлерінде, сондай-ақ есірткіге белгі салу кезінде ұсталған.

8 күдікті курьердің ішінде Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұрғындары, сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған, колледж студенті де болған.
Күдіктілерден "синтетиканың" 1 мың дозасы тәркіленген.
"Сот санкциясымен ұсталғандардың барлығы қамауға алынды. Олардың әрекеттері қылмыстық кодекстің 296, 297-баптары бойынша сараланады. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – дейді ШҚО полиция департаменті басшысының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932570-sqo-da-arnaiy-operaciya-kezinde-8-adam-ustaldy/