RU

"Алғашқы кітабым": Әлия Назарбаева көпшілікке өз туындысын ұсынды

Әлия Назарбаева
Әәлия Назарбаева. Фото: instagram.com/aliya_nazarbayeva_official/

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева кітап шығарды. "Место силы" деп аталатын туындысының тұсаукесері кеше өткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасына жазды. Айтуынша, аталған шара Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Ashyq жүйесі арқылы өткен.

"Кеше "Место силы" деп аталатын кітабымның тұсаукесері болып өтті. Жақында берген сұқбатым да осы күнге арналған. Жақындарым, әріптестерім, достарым, танымал бизнесмендер мен Қазақстаннның қоғам қайраткерлері жиналған осы жиынға арнап жазылған сұқбат болатын. Кеш қонақтары кітаптың мақсаты мен идеясы туралы, командамыздың қазіргі және жоспардағы жобалары туралы ақпаратқа қанық болып, "Сазген сазы" қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы шағын концертін тамашалады. Бұл ерекше сәт болды. Барлығы да осындай концертті сағынып қалыпты. Бірақ, бұл шараның басты мақсаты - публицистикалық дебютімді ұсыну ғана емес. Бағдарлама аясында қайырымдылық аукционы өтіп, Қазақстанның өңір-өңірінде ағаш отырғызу, сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласында тұтас орман паркін салу үшін қаражат жиналды", - деп жазды ол.

Әлия Назарбаеваның аталған туындысы орыс тілінде жарық көрді. Ал оның қазақ тіліндегі нұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсан айында шығады деп жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932596-algasqy-kitabym-aliya-nazarbaeva-kopsilikke-oz-tuyndysyn-usyndy/