Top.Mail.Ru

Зектілері

"Есім кіресілі-шығасылы": КВИ жұқтырған танымал жазушы ауруханада 20 күн жатып шықты

Жарияланған күні:

Марат Тоқашбаев
Фото: Facebook/Марат Байділдаұлы

Белгілі жазушы-публицист Марат Тоқашбаев коронавирусқа шалдығып, ауруханаға жатып шықты. Марат Байділдаұлы көпшілік жиналатын жерге бармай сақтанып жүрсе де, дертті жұқтырып алғанын жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жазушы-публицисттің өкпесі 50 пайыз зақымданған. Марат Байділдаұлы бастапқыда коронавирусты тұмаумен шатастырып, ағзасындағы өзгеріске аса мән бермей жүре бергенін айтады.

"Мына ковид деген пәледен қаншама сақтанып жүрсең де қай жағыңнан сайтандай сап ете қалатынын білмейді екенсің. Жұма намаздан басқа көпшілік жерге бармауға тырысып-ақ келгем. Температура сәл көтеріліп, өзімді тымау тиген тәрізді жайсыз сезініп жүрсем де ұсақ-түйек бірдеме шығар деп мән бермеппін. Оның үстіне «Жедел жәрдеммен» келгендер «ОРВИ» деген диагноз қойып кетті. Жағдайымның қиындап бара жатқанын көрген соң жұбайым үйге ПТР сынамасын алатын мамандар шақыртқан. Олар үйдегі үшеумізден де ковид вирусы табылғанын мәлімдеді. КТ тексеру менде 50, келіншегімде 40 пайыз өкпе зақымданғанын көрсетті", - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Марат Байділдаұлы өзі емделіп шыққан қалалық 12-ауруханада қандай жағдай болып жатқанын баяндап берді.

"Өлім мен өмірдің арпалысы сол жерде. Ковид-центрге айналдырылған 500 адамдық бұл ауруханада 700-дей адам жатыр. Есім кіресілі-шығасылы, система қойылып, тәулігіне 24 сағат оттегі апппаратына байландым. Бірінші Алланың, екінші дәрігерлердің, одан кейін өздері ауырып жатқанына қарамай отбасымның көрсеткен қамқорлығы арқасында 20 шақты күнде әзер бетім бері қарады", - дейді жазушы.

Марат Байділдаұлы өзінің екі айға жуық әлеуметтік желіге бас сұқпай кетуін осы дертпен байланыстырады. Ол қауіпті вирустың қай жерлерден тез жұғатынын атап өтті.

"Көп адам әлі күнге бұл коронавирустың қауіптілігін жете сезіне бермейтін тәрізді. Көрші палатадағы бір кісі Қызылордадан Алматыға құдалыққа он адам келгендіктерін, сол он адам түгел коронавируспен ауырып жатқанын айтқаны бар. Тексерулер бұл дерт көбіне құдалық пен құдайы тамақ, той-томалақтан жұғатынын көрсетті. Сондықтан абай болайық! Өз басым осы дерттен аман қалдырған Алла тағалаға шексіз шүкіршілік етемін", - дейді Марат Байділдаұлы.

Жазушы өзінің емделіп шығуына көмегі тиген барлық жандарға алғыс білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932610-esim-kiresili-sygasyly-kvi-zuqtyrgan-tanymal-zazusy-auruxanada-20-kun-zatyp-syqty/